Аса Қамқор, ерекше Мейірімді Алланың атымен бастаймын!
⚠ АЛЛАҒА СЕРІК ҚОСУ ᴴᴰ
Дініміз Исламда ең үлкен сауапты іс ол «Алладан басқа Құдай жоқ» деп шынайы сеніммен айту болса, ал ең үлкен күнә Алла Тағалаға серік қосу болып табылады. Яғни, Алладан өзге нәрселер пайда-зиян келтіре алады, олардың да әлемді, жаратылыстарды басқаруда үлесі бар деп білу.
Жаратушы Иеміз шексіз Рақым-Мейірімімен пенделерінің кез-келген күнәларын кешірсе де, Өзінен басқаға жалбарынып, одан қажетін сұрап, табынып өткен адамды ешқашан кешірмейді. Хақ Тағала мұны күллі адамзатқа Құран Кәрім аяттары мен Пайғамбарымыз арқылы (оған Алланың сәлемі мен игілігі болсын) қатаң түрде ескерткен.
Қасиетті Құран Кәрімнің «Ниса» сүресінде Жаратқан Иеге ортақ қосудың ең үлкен кешірілмес күнә екендігі нақты баяндалған.
«Шындығында Алла Өзіне серік қосқанды кешірмейді, ал одан басқаны (басқа күнәні) қалаған пендесіне кешіреді. Кімде-кім Аллаға серік қосса, ол қатты адасады» (Ниса, 116).
Сондай-ақ Алла Тағала «Исра» сүресінің 111 аятында:
«Барлық мақтау, бала иемденбеген әрі мүлкінде ешқандай серігі жоқ, сондай-ақ көмекшісі болмаған Аллаға лайық» деп айт және Оны, өте (көп) ұлықта» деп бұйырылған.
Күнге, айға, жұлдыздарға, өзен, тау-тастарға, жан-жануарлар мен пұттарға мінәжат етіп, олардан жақсылық сұрап, жамандықтан сақтауын тілеу, дүниеден өткен марқұмдардан желеп-жебеп жүруін, қорғауын сұрау, қабір басында түнеу және бақсы-балгер аралап олардан перзент тілеу, жол аштыру т.с.с. амалдардың баршасы Алла Тағаланың істеріне ортақ етіп санау, яғни серік қосу болып табылады.
Негізінде дұға, тілек-тілеу – құлшылықтың бір түрі. Ал құлшылық тек бір Алла Тағалаға ғана лайық.
Халықтың арасында орын алып жатқан бұндай оғаш іс-әрекеттерге басты себеп – білімсіздік. «Соқыр тауыққа бәрі бидай» дегендей, білім болмаған соң ақ пен қараны ажырату әсте мүмкін емес. Көрінгеннің сөзіне құлақ асып, жетегінде кете беру нағыз ақымақтық, нағыз қасірет.
Осыдан бірнеше жыл бұрын өзін пайғамбармын деп жариялағандар қазақ даласынан табылып еді.
Ол аздай енді Қағбаның көшірмесі де табылды. Қажылық амалдарын орындап оны тәуәп етіп жүргендер де бар көрінеді. Тек ниетін дұрыс болса жеткілікті екен...
«Дүмше молда – дін бұзар» деп қазақ атамыз бекер айтпаса керек. Ешқандай негізсіз, ойланбастан сөйлеп халықты адастырып жатқан «дүмше молдалар» көбейген сынды. Құран аяты мен пайғамбарымыздың (оған Алланың сәлемі мен игілігі болсын) хадисін ажырата алмаса да, арабша сөйлеген болып, діннен хабары аз болған қарапайым халықты ауыздарына қаратып алуда.
«Пенде бір сөзді ойланбай айтуынан тозақ отына түсуі мүмкін. Әрі түскен орны тозақтың шетінен шығыс пен батыстың аралығындай қашықтықта болуы мүмкін» Бухари, Муслим
Бақа, піл, фен-шуй мүсіндері, түрлі тастар және т.б. заттарға сыйынып, олардан жақсылық үміт ету, Алламен арамызда дәнекер болады деп сену – мүшріктік амал, бұл да Жаратушыға ашық түрде серік қосу. «Жүніс» сүресінің 106 аятында: «... Алладан өзге саған пайда, зиян келтіре алмайтын нәрселерге жалбарынба. Егер оны істесең, онда күдіксіз сен залымдардан боласың» деп Алла Тағала анық ескерткен.
Ешбір серігі, теңдесі болмаған бүкіл әлемнің жалғыз Жаратушысынан дұға қылып, қалағаныңды сұрау үшін ешқандай дәнекердің, ортақтың қажеті жоқ. Ол туралы қасиетті Құранда: «Егер құлдарым Мен туралы сенен сұраса, Мен өте жақынмын. Қашан Менен тілесе, тілеушінің тілегін қабыл етемін. Ендеше олар да әмірімді қабыл етсін. Және Маған сенсін. Әрине, тура жол тапқан болар еді»,- деп баяндалған. (Бақара, 186)
Мұсылманға жат істерді біліп иә білмей істеген болсақ шынайы түрде Алладан кешірім сұрап, өкініп, келесіде бұндай лас істерге жоламаймын деп тәубе ету аса маңызды.